Жаңалықтар

Сауалдар мен жауаптар

Акция

Полиция құрылымдары бастықтарының тұрғындармен өзара байланысын нығайту мақсатында кеше республика бойынша «Жолдағы қабылдау» акциясы басталды. Ақтөбелік полицейлер облыс орталығында және барлық аудандарда тұрғындармен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап беру жұмыстарын жүргізе бастады.

Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлері тұрғындарды Нокин көшесіндегі «ЗапКазярмарка» автотұрағында және «Табыс» базары аумағында қабылдап жатыр.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеше полиция қызметкерлері 100-ден астам тұрғынның сұрақтарына жауап берді. Ақтөбеліктердің күрделі сұрақтарының шешімін табу үшін тұрғындарға полиция департаменті бастығының орынбасары Абзал Шотанов жеке өзі жауап беріп жатыр.

«Жолдағы қабылдау» акциясына келушілердің денін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден әкелініп жатқан көліктерді тіркеу мәселелері толғандырады екен. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, ҚР Ішкі істер министрлігіне көрші елдерден әкелінетін автокөліктерді реттеу мақсатында оларды Қазақстан шекарасынан өткен соң уақытша он күн ішінде тіркеуге қою туралы ұсыныс жіберілген.

Сонымен қатар акция аясында тұрғындар көп қабатты үйлердің аулаларындағы көліктердің тұрағын реттеу,жол белгілерін орнату, көлік құралдарын тіркеу мәселелері жөнінде сауалдарын қойды.

«Жолдағы қабылдау» шарасы аясында учаскелік полиция инспекторлары көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларында да азаматтармен кездесулер өткізеді. Тұрғындардың күндізгі уақытта жұмыста екендігі ескеріліп, кездесулер кешкілік мезгілде ұйымдастырылады. Акция алда да жалғасады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button